DOI:
Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар қайтыс болған соң, халифа болып сайланған Әбу Бәкір мен Омардан кейін Оспанның мұсылмандарды басқаруы саяси Ислам тарихында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Оспан халифа болғаннан кейін әкесінің кегін алу мақсатында үш кісіні өлтірген Убайдулла б. Омар мәселесіне тап болды. Сахабалар арасында «Оған қандай жаза тағайындалу керек?» деген мәселеде пікірталастар туындай бастады. Көбісі жазалануын қалады. Халифа Оспан саяси және психологиялық себептермен, басшының қылмыскерді кешіру құқығы болмаса да, Омардың ұлы Убайдулланы жазаламай оны кешіреді. Осылайша, мұсылмандардың арасына күмәннің алғашқы ұрығы егіле бастады. Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың кезеңінде көрінбей қалған рулық-тайпалық мәселесінің, пайғамбардың бақилық болғаннан кейін тағайындалған әділетті халифалардың арасында Оспанның халифалық дәуірінде су бетіне қайта шығуына түрткі болған саяси процесстер де кеңінен талқыланады.
Мақалада Исламның тарихындағы алғашқы бүліктер себеп-салдар тәсілімен зерделенеді. Сондай-ақ, мұсылман халқы арасында Жамал мен Сыффын соғыстарының пайда болуына түрткі болған негізгі себептер қарастырылады. Мұсылмандардың арасында болған бұл соғыстардың нәтижесінде туындаған сұрақтарға жауап берудің салдары мен бүгінгі таңда псевдосалафилік атымен танымал деструктивті діни ағымның арғы тегі болған Харижиттік ағымы мен оның дүниетанымы жайында сөз қозғалады. Қазіргі таңдағы псевдосалафиліктің арғы атасы болып саналатын Харижиттіктің сенім негіздеріне тоқтала кетіп, псевдосалафилік дүниетанымының қалыптасуында Харижиттік ағымының рөлі ескеріледі. Аталмыш мақала қос ағым арасындағы байланысты айқындай келе, салдармен емес себептермен күресуге септігін тигізеді деген ойдамыз.