DOI:
Мақалада қазақ дүниетанымындағы гуманистік идеялардың қалыптасу бастаулары тарихи-философиялық тұрғыда талданады. Зерттеудің негізгі нысаны ретінде қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы, ауызша мәдениет пен фольклорлық мұра, ерте көшпелі қоғамдағы рухани ұстанымдар, сондай-ақ зороастризм ілімінің этикалық-гуманистік мазмұны қарастырылады. Ауызша мәдениеттің халықтың рухани тәжірибесін, тарихи жадын және адам-әлем-табиғат арасындағы қатынастар жүйесін бейнелеудегі рөлін айқындай отырып, оның философиялық, этикалық және эстетикалық қырлары зерделенеді. Сонымен қатар, зороастризмдегі дуалистік дүниетаным, жақсылық пен жамандықтың күресі, адам болмысының еркіндігі мен моральдық жауапкершілігі мәселелері гуманизм идеяларының ерте формалары ретінде сарапталады.
Зерттеуде қазақ ақын-жырауларының шығармашылығы гуманистік дүниетанымның дамуы мен қалыптасуындағы маңызды рухани-мәдени фактор ретінде қарастырылып, олардың адам еркіндігі, әділеттілік, адамгершілік және рухани кемелдену туралы көзқарастары талданады. Сонымен қатар, жыраулар дүниетанымындағы «Адам – Әлем» арақатынасы, адамның ішкі рухани әлемі мен әлеуметтік болмысы арасындағы өзара байланыс мәселелері айқындалады. Мақалада ұлттық рух, этикалық құндылықтар және рухани тұтастық ұғымдары философиялық тұрғыдан негізделіп, қазақ дүниетанымының гуманистік сипаты дәстүрлі мәдениет пен тарихи-әлеуметтік жағдайлар контексінде пайымдалады. Зерттеу нәтижелері қазақ философиясындағы гуманистік идеялардың эволюциясын түсінуге, сондай-ақ қазіргі қоғамның рухани дамуы мәселелерін зерделеуге теориялық негіз бола алады.
Түйін сөздер: қазақ дүниетанымы, гуманистік идеялар, рухани-этикалық құндылықтар, ауызша мәдениет және фольклор, ақын-жыраулар философиясы, Абайдың гуманистік ілімі, ұлттық рух пен рухани жаңғыру