DOI:
Мақалада философиядағы тағдыр, бақыт және өмірдің мәні категорияларының өзара байланысы терең талданады. Ағартушылық дәуірінің көрнекті өкілдері (Жан-Жак Руссо, Иммануил Кант, Вольтер) мен қазақ ойшылдарының (Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы) философиялық идеялары салыстырмалы түрде зерттеліп, олардың адам өміріндегі моральдық жауапкершілік, еркіндік және рухани ізденіспен байланысы қарастырылады. Зерттеу барысында әртүрлі мәдени-философиялық дәстүрлердегі тағдыр, бақыт және өмір мәнін түсінудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары анықталды. Сонымен қатар, бұл категориялардың заманауи қоғам үшін өзектілігі, оның ішінде адамның жеке және қоғамдық деңгейдегі жауапкершілігі, рухани тепе-теңдікке ұмтылысы мен әділетті қоғам құру қажеттілігі талданды.
Қазақ философиясындағы тағдыр ұғымы ұлттық дүниетанымның ерекшеліктерімен ұштасып, адамның еркін әрекеті мен моральдық жауапкершілігі тұрғысынан қарастырылады. Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерінде тағдырдың рухани жетілу, ар тазалығы және білім арқылы өзгеретін динамикалық процесс ретінде түсіндірілуі ерекше орын алады. Сонымен бірге, ағартушылар дәуірінде тағдыр мен өмірдің мәні рационалдық тұрғыда қайта қаралып, адамның табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруі арқылы моральдық және әлеуметтік жауапкершіліктердің маңызы көрсетілді.
Зерттеу нәтижелері тағдыр, бақыт және өмірдің мәні категорияларын адамның еркіндігі, моральдық заңдарға бағынуы және рухани дамуы тұрғысынан түсіндірудің өзектілігін анықтады. Бұл категорияларды философиялық тұрғыда зерделеу қазіргі заманның рухани дағдарыстары мен жаһандану үдерістерінде адамның рухани-әлеуметтік дамуына жаңа серпін бере алады. Мақаладағы талдаулар өмірдің мәнін іздеу, жеке жауапкершілікті күшейту және рухани үйлесімділікті арттыру мәселелеріне бағытталған.
Түйін сөздер: тағдыр, бақыт, өмірдің мәні, ағартушылық дәуір, қазақ философиясы, еркіндік.