DOI:
Мақалада дәстүрлі қазақ қоғамындағы биліктің қоғамдық мойындалу негіздері харизма, әділет және билер тәжірибесінің сабақтастығы арқылы қарастырылады. Зерттеудің мақсаты - биліктің қоғамдық мойындалуына негіз болған құндылықтар мен рәсімдерді тарихи-философиялық тұрғыдан қайта құрып, олардың өзара байланысын аналитикалық модель түрінде ұсыну. Әдіснамалық негіз ретінде тарихи-философиялық және мәдени-тарихи талдау, салыстырмалы-философиялық, аксиологиялық, герменевтикалық және жүйелік-құрылымдық тәсілдер, сондай-ақ философиялық антропология, мәдениет философиясы және құқықтық плюрализм қағидалары қолданылды. Зерттеу корпусына тақырыпқа тікелей қатысты 33 еңбек енгізілді; олар тарихи-құқықтық, этномәдени-антропологиялық және теориялық еңбектер болып жіктелді. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырға қатысты тұжырымдар кейін хатқа түскен құқықтық жинақтар және XIX ғасырдағы сипаттамалар негізінде ретроспективалық тұрғыдан жасалды. Талдау би беделінің ресми мәртебеден гөрі тараптардың ерікті таңдауына, құқықтық білімге, шешендікке, сөзі мен ісінің сәйкестігіне және бұрынғы төреліктердің қоғамдық бағасына сүйенгенін аңғартты. Шешімнің мойындалуы оның мазмұнымен бірге істің жария қаралуына, тараптарды тыңдауға, дәлелді уәжге, шағымдану мүмкіндігіне және бітімнің кейінгі әлеуметтік нәтижесіне тәуелді болды. Зерттеудің негізгі нәтижесі ретінде «Бедел - Әділет - Мәміле» моделі ұсынылды. Ол легитимдікті алдын ала берілген мәртебе емес, әр дауда қайта расталатын қоғамдық қатынас ретінде түсіндіреді және қазақтың билік тәжірибесін харизма, процедуралық әділет пен құқықтық плюрализм теорияларымен салыстыра талдауға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: билік; харизма; легитимдік; әділет; билер институты; әдет құқығы; қазақ дүниетанымы