DOI:
Мақалада жаңғыру қоғамдық қатынастарды, институттар мен мәдени құндылықтарды өзгертетін көпөлшемді үдеріс ретінде зерттеледі. Зерттеудің мақсаты - қазіргі заман нысандарының көптүрлілігінің әлеуметтік-мәдени негіздерін айқындау және қоғамдық өзгерістерді бағалаудағы адами өлшемнің маңызын анықтау. Зерттеудің әдіснамалық негізін салыстырмалы, тарихи-философиялық және аксиологиялық тәсілдер құрайды. Индустриялық, постиндустриялық және постмодерндік қоғам тұжырымдамалары салыстырылып, бастапқы және екінші реттік жаңғырудың, батыстанудың, қуып жетуші дамудың, постмодернизацияның, неомодернизация мен демодернизацияның айырмашылықтары ашылады. Жаңғыру траекторияларының көптүрлілігі институционалдық өзгерістердің, мәдени дәстүрлер мен әлеуметтік субъектілер қызметінің өзара ықпалдастығымен айқындалатыны анықталды. Білімнің, ақпарат пен символдық ресурстардың рөлі артуы әлеуметтік жіктелу, қоғамдық қатысу және бірегейліктің қалыптасу тетіктерін өзгертетіні көрсетілді. Тұлға автономиясының кеңеюі жаңа тәуелділіктермен, ресурстарға қол жеткізудегі теңсіздікпен және адамгершілік жауапкершілігінің күшеюімен қатар жүретіні айқындалды. Жаһандық өзара байланыстардың тереңдеуі қауымдастықтардың мәдени, этностық және діни төлтумалығын сақтауға ұмтылысымен ұштасатыны анықталды. Жаңғыруды кезеңдердің әмбебап реттілігіне немесе батыстық тәжірибені қайталауға телуге болмайтыны туралы қорытынды жасалды. Оның нәтижелерін өмір сапасы, тұлға еркіндігі, білімнің қолжетімділігі, әлеуметтік байланыстардың орнықтылығы және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері тұрғысынан бағалау қажеттілігі негізделді. Адами өлшем технологиялық және институционалдық жаңаруды тұлғаның дамуы мен қоғамдық ынтымақтастық жағдайларымен сабақтастыруға мүмкіндік беретін біріктіруші өлшемшарт ретінде ұсынылады. Алынған нәтижелер жаңғырудың тарихи тұрғыдан әртүрлі нысанда жүзеге асатын үдеріс ретіндегі түсінігін нақтылап, мәдени сабақтастық пен азаматтық қатысудың маңызын ашады, сондай-ақ жаһандық өзгерістер жағдайында қазіргі қоғамның әртүрлі үлгілерін салыстырмалы бағалаудың негіздерін айқындауға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: жаңғыру, қазіргі заман, постмодерн, жаһандану, мәдениет, бірегейлік, автономия, ақпарат.