DOI:
Адамзат тарихынан белгілі болғандай дін, дәстүр, мәдениет, ғылым ешбірі өлім және өлімсіздік тақырыбынан айналып өтпеген. Себебі, өлім адамзаттан ажырамайтын экзистенциалды феномен. Адам баласы ертелі кеш өліммен жүздесетіндігін, түптің түбінде ажалдың торына түсетіндігін түйсіне алатын парасатты болмыс. Алайда адамдардың басым көпшілігі түп санаға орныққан бұл шындықтан теріс айналып өткісі келеді. Бірақ өлім бізге тәуелді емес, табиғи заңдылық. Қарттыққа қадам басқан сайын ақыл-есі бүтін саналы адамды еріксіз өлім құбылысы толғандыра бастайды. Жайшылық өмірде бағаланбайтын құндылықтардың қадір-қасиетін сезінe бастайды. Сондықтан ақылы сау адам баласы тірі кезінде ішкі жан-дүниесін рухани құндылыққа толтырып, абыроймен жан тапсыруға тырысып бағады. Философиялық толғанысты өлімге алғашқы дайындық ретінде көрген Платонның (б.з.д 427-347) пікірінше өлім түсінігі болмай философия жасау қиын әрі мағынасыз [1, 52 б.]. Сондықтан тарихтың әр кезеңінде өзекті боп келген бұл толғақты құбылысты дін философиясы тұрғысынан зерделеу бүгінгі күн үшін де маңызды әрекеттердің бірі болмақ.
Түйін сөздер: Өлім, өлімсіздік, өлім қорқынышы, өлімнен кейінгі өмір.