DOI:
Мақалада «Зар заман» ақындары – Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір шығармашылығының өзегін құрайтын рухани-мәдени құндылықтар жүйесі кешенді түрде талданады. Атап айтқанда, ұлттық рух пен жалпыадамзаттық гуманистік ұстанымдар – әділеттілік, ақиқат, еркіндік мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылады. Зар заман дәуірі ақындарының толғауларында ел тәуелсіздігінен айырылудың ұлттық болмыс пен дүниетанымдық бағдарларға тигізген кері ықпалы айқын көрініс табады. Еркіндік, әділеттілік, адалдық, адамгершілік секілді құндылықтарды рухани дамудың негізгі бағдары еткен қазақ қоғамының дүниетанымы бөгде мәдениет пен өркениеттің ықпалымен елеулі трансформацияға ұшырағаны сараланады. Ақындар дәстүрлі құндылықтардың ығыстырылуы мен батыстық мәдени үлгілердің кең таралуына философиялық-поэтикалық пайымдаулар арқылы сыни көзқарас білдіреді. Сонымен қатар, бөгде мәдени парадигманы қабылдаудағы талғампаздық ұстанымын қалыптастырудағы зар заман ақындарының рөлі айқындалады. Мақалада жаһандану жағдайындағы қазіргі интеграциялық үдерістер аясында зар заман поэзиясында көтерілген мәселелердің өзектілігі мен ауқымының арта түсуі ғылыми тұрғыдан негізделеді.
Түйін сөздер: зар заман, дағдарыс, тәуелсіздік, еркіндік, дәстүрлі құндылықтар, ұлттық идея, рух.