DOI:
Бұл мақалада Әбу Насыр әл-Фарабидің саяси-құқықтық көзқарастары жалпыадамзаттық гуманизм идеяларын бекіту тұрғысынан жан-жақты талданады. Осы контексте адамдарды басқару қағидаттары мен тетіктерін айқындауға, саяси бірлестіктер қызметі арқылы бақытқа жету жолдарын табуға ықпал ететін түрлі саяси қауымдастықтардың қызмет ету ұстанымдары мен нормалары қарастырылады. Ерекше назар адамның әлеуметтену мәселелеріне, қоғамның қалыптасу тәсілдері мен қоғамдық тұрақтылық факторларына аударылады. Мақалада әл-Фараби философиясының негізгі категориялары еркіндік, әділеттілік, ізгілік, бақыт және ақыл-ойы талданады. Бұл ұғымдар ойшылдың кемел қоғам және «қайырымды қала» туралы ілімінің адамгершілік-гуманистік негізін құрайды. Әл-Фараби мемлекетті жалпы бақытқа жетудің құралы, ал билеушіні – белсенді ақылдың, даналық пен парасаттылықтың иесі ретінде қарастырады.
Сондай-ақ, әл-Фарабидің дінге қатысты көзқарастары да талданады. Ол дінді ағартушылықтың бір тармағы ретінде түсіндіреді және әртүрлі наным-сенімдердің қатар өмір сүруін мүмкін деп санайды. Антикалық және исламдық зияткерлік дәстүрлерді үйлесімді біріктіре білген әл-Фараби философиясы адамдардың бақытқа, рухани кемелдікке және еркін таңдау құқығына деген теңдігін бекітеді. Ойшылдың ақыл-ой, әділеттілік және адамгершілікке негізделген басқару туралы идеялары қазіргі заманғы гуманистік және әлеуметтік-философиялық ізденістер контексінде өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Түйін сөздер: әл-Фараби, саясат, дін, қоғам, ізгілік, адамгершілік, бақыт