DOI:
Бұл мақалада қазақ әйелдері арасындағы діни білімнің тарихи траекториясы зерттеліп, оның жеке тұлғаның мүмкіндіктерін кеңейту мен қоғамның дамуына әсері талданады. Авторлар тарихи деректерге сүйене отырып, қазақ әйелдерінің интеллектуалдық және мәдени болмысын діни білімнің қалай қалыптастырғаны туралы жан-жақты түсінік беруді көздейді. Қазақ әйелдерінің рухани және интеллектуалдық дамуы қазақ даласына тән тарихи эволюцияның маңызды аспектісі болды. Көшпелі өмір салты мен қоғамдық-саяси өзгерістерге қарамастан, діни білім әйелдердің интеллектуалдық және рухани өмірін қалыптастыратын қазақ қоғамының ажырамас бөлігі болып қала берді. Діни білім тек тұлғалық және рухани дамудың құралы ғана емес, сонымен қатар дәстүрлерді сақтау және ұрпақтар бойына адамгершілік құндылықтарды нығайту тетігі ретінде де қызмет етті. Қазақ даласына ислам діні кең тарап, исламдық мекемелердің кеңеюімен медреселер әйелдердің сенім және ғылыми дискурсты терең түсінуіне мүмкіндік беретін негізгі білім беру орталықтарына айналды, дегенмен кейінгі түрлі тарихи кезеңдерде, соның ішінде Ресей империясының билігі мен кеңестік басқару кезінде діни білім алу мүмкіндігі әртүрлі идеологиялық және саяси шектеулерге ұшырады. Шектеулерге қарамастан, қазақ әйелдері рухани білімге ұмтылуда, білім алудың балама құралдарын іздестіруде және өз қауымдастықтарында діни дискурсты сақтауда төзімділік танытты. Бұл мақалада авторлар қазақ әйелдерінің діни білімінің тарихи жолын қарастырып, оның медреселер кезеңінен қазіргі институттарға дейінгі эволюциясын анықтайды. Тарихи деректермен жан-жақты талданған бұл зерттеу діни білімнің қазақ әйелдерінің интеллектуалдық және мәдени болмысын қалыптастырудағы ерекше маңызын көрсетуге бағытталған.
Түйін сөздер: қазақ даласы, әйел, медресе, діни білім алу, ислам