DOI:
Мақалада қазақ бейнелеу өнеріндегі көркем репрезентацияның
философиялық табиғаты, оның онтологиялық, семиотикалық және герменевтикалық
құрылымы жан-жақты талданып, оны танып білудің әдіс-тәсілдері көрсетіледі.
Өнер туындысы ұлттың дүниетанымын, тарихи жадын және мәдени архетиптерін
бейнелейтін визуалды мәтін екендігі айқындалады. Зерттеуде Молдахмет Кенбаев,
Салихитдин Айтбаев, Бексейіт Түлкиев, Ерболат Төлепбаев, Бахыт Бәпишев сынды
суретшілер шығармашылығы арқылы қазақ кескіндемесіндегі кеңістік пен уақыт
онтологиясы, архетиптік бейнелер, символдық кодтар және ұлттық болмыстың көркем
көріністері сараланады, олардың ішкі мәнін ашып көрсету әдістері айқындалады.
Сонымен қатар, мақалада кескіндеме тілінің дәстүр мен модерн арасындағы
байланыс құралы ретіндегі рөлі де қарастырылады. Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық
өнер музейінің кескіндеме қорындағы туындылар негізінде жүргізілген талдау
өнерді ұлттың рухани тәжірибесі мен дүниетанымының философиялық формасы
ретінде ұғынуға мүмкіндік береді. Бейнелеу өнері туындыларын талдау барысында
феноменологиялық, семиотикалық, герменевтикалық және компаративистік әдістер
қолданылды. Соның арқасында қазақ көркем санасының эволюциясы мен заманауи
көркем ойлау жүйесінің ерекшеліктері анықталады. Зерттеу нәтижесі ретінде
бейнелеу өнерінің философиялық дискурс қалыптастырудағы әлеуеті мен оның
ұжымдық жадыны визуалды түрде жаңғырту қабілеті дәлелденеді. Бұл зерттеу
қазақ бейнелеу өнерінің терең танымдық, онтологиялық және мәдени-мағыналық
құрылымының гносеологиялық астарларын ашуға бағытталған.
Түйін сөздер: қазақ бейнелеу өнері, философия, онтология, гносеология, архетип, семиотика, ұлттық жады, кеңістік пен уақыт, символизм.