PHILOSOPHICAL AND POLITOLOGICAL, SPIRITUAL AND EDUCATIONAL JOURNAL
ТАРИХИ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ КОНТЕКСТЕРДЕГІ ДІН

РАЦИОНАЛДЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНИ ТАНЫМ: САҒДУДДИН АТ-ТАФТАЗАНИДІҢ МҰРАСЫН ФИЛОСОФИЯЛЫҚ-ЭПИСТЕМОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ

Нөмір 24 № 3 (2026), ТАРИХИ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ КОНТЕКСТЕРДЕГІ ДІН
Нөмір 24 № 3 (2026)
2026-09-30

Авторлар

Аңдатпа

Мақалада XIV ғасырда өмір сүрген көрнекті мұсылман ойшылы, ғалым және теолог Сағдуддин ат-Тафтазанидің философиялық-эпистемологиялық мұрасы қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – ойшылдың еңбектеріндегі рационалдылық және діни танымның арақатынасын, ақыл-ойдың таным үдерісіндегі рөлін, сондай-ақ діни білімді рационалды негіздеу тәсілдерін философиялық тұрғыдан талдау. Мақалада ат-Тафтазанидің өмір сүрген тарихи-мәдени ортасы мен оның ғылыми көзқарастарының қалыптасуына ықпал еткен интеллектуалдық дәстүрлерге назар аударылады. Әсіресе ислам философиясы мен калам дәстүріндегі ақыл мен уахидың, рационалды дәлел мен діни сенімнің арақатынасы талданады. Ойшылдың логикаға, дәлелдеу теориясына және ұғымдарды рационалды талдауға берген маңызы оның таным теориясының маңызды қырлары ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында Сағдуддин ат-Тафтазанидің «Шарх әл-Ақаид», «ат-Тәлуих», «әл-Мутаууал» және басқа да еңбектеріндегі таным, ақиқат, дәлел, ақыл және діни білім мәселелеріне қатысты тұжырымдары сараланады. Ойшылдың көзқарастарында рационалды таным діни ақиқатты теріске шығаратын құрал ретінде емес, оны түсіндіру, негіздеу және жүйелеудің маңызды әдісі ретінде көрініс табатыны айқындалады.

Сонымен қатар мақалада ат-Тафтазанидің рационалды әдісінің исламдық теологиялық ойдың дамуына ықпалы және оның кейінгі интеллектуалдық дәстүрдегі орны қарастырылады. Ақыл мен діни танымның өзара байланысын зерттеу арқылы ойшыл мұрасындағы философиялық-эпистемологиялық ұстанымдардың ерекшеліктері ашылады. Сағдуддин ат-Тафтазанидің мұрасы қазіргі философия, исламтану және дін философиясы аясында рационалдылық пен діни таным мәселелерін зерттеу үшін маңызды теориялық негіздердің бірі ретінде бағаланады. Зерттеу нәтижелері ортағасырлық ислам ойындағы рационалды танымның ерекшеліктерін, діни білімнің қалыптасуындағы ақылдың қызметін және философиялық пайымдау мен теологиялық танымның өзара байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

 Түйін сөздер: Сағдуддин ат-Тафтазани, рационалдылық, діни таным, эпистемология, философия, ақыл, діни білім