DOI:
Тәуелсіз Қазақстандағы әйелдердің әлеуметтік-құқықтық мәртебесінің өзгеруі құқықтық жаңғыру, дәстүрлі мәдени нормалардың қайта пайымдалуы және діни сананың жаңғыруы сияқты өзара байланысты үдерістер аясында қалыптасты. Кеңестік кезеңде әйелдердің білім алуы, еңбек етуі және қоғамдық өмірге қатысуы заң жүзінде қамтамасыз етілгенімен, гендерлік теңдік әлеуметтік тәжірибеде дәстүрлі еңбек бөлінісімен және отбасылық міндеттермен қатар жүрді. Тәуелсіздік кезеңінде әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін құқықтық-институционалдық негіз кеңейіп, әйелдің дербес құқық субъектісі ретіндегі мәртебесі нығайды. Сонымен бірге ұлттық бірегейлікті қайта пайымдау, дәстүрлі құндылықтардың жаңғыруы және исламның қоғамдық кеңістіктегі көрінуінің артуы әйелдің әлеуметтік рөліне қатысты түсініктердің өзгеруіне ықпал етті.
Зерттеудің мақсаты тәуелсіз Қазақстандағы әйелдердің әлеуметтік-құқықтық мәртебесінің трансформациясын құқықтық жаңғыру, дәстүрлі мәдени нормалар және діни түсініктердің өзара байланысы тұрғысынан талдау болып табылады. Зерттеудің негізгі әдебиеттік корпусы 2017-2024 жылдары жарияланған ғылыми еңбектерден құралды, ал бұдан бұрынғы зерттеулер тарихи және теориялық негізді айқындау үшін пайдаланылды. Зерттеу пәнаралық сапалық тәсілге, сапалық мазмұндық талдауға, тарихи-салыстырмалы және дискурстық талдау элементтеріне, сондай-ақ әлеуметтік-философиялық пайымдауға негізделеді. Талдау нәтижелері әйелдердің құқықтық мәртебесінің институционалдық тұрғыдан нығайғанын, алайда формальды құқықтық теңдік пен әлеуметтік тәжірибе арасында белгілі бір алшақтықтың сақталуы мүмкін екенін көрсетеді. Дәстүр мен дін әйелдердің мәртебесіне тек шектеуші фактор ретінде емес, әлеуметтік және мәдени бірегейлікті қалыптастыратын құндылықтық негіз ретінде де ықпал етеді. Осыған байланысты аталған зерттеуімізде Қазақстандағы әйелдердің қазіргі мәртебесін құқық, дін, дәстүр және әлеуметтік тәжірибенің өзара ықпалдастығы арқылы кешенді түрде түсіндіруге талпыныс жасалынды.
Түйін сөздер: Қазақстан, әйелдер құқығы, посткеңестік трансформация, гендерлік саясат, құқық, дін, дәстүр.