DOI:
Зерттеу «заманауи моральдық агент» қалыптастырудағы дәстүрлі қазақ тәрбиесіндегі адамгершілік нормаларының тиімділігін қарастырады. Авторлық ұстаным - парадоксты шешуге, моральдық агент құрылымының мазмұны мен бағыттарын нақтылау арқылы күрделі прагматикалық-танымдық міндеттерін орындауға бағытталған іздеу әрекеттерін талқылау. Негізгі зерттеу сұрағы: белгілі бір мәдени және дәстүрлі ортада қалыптасқан моральдық нормалар осы ортадан түбегейлі ерекшеленетін жағдайларда өміршеңдігін сақтай ала ма? Бұл сұраққа жауап іздеуде Аристотельдің «фронезис» тұжырымдамасы, Канттың «категориялық императиві» және Кант идеяларынан шабыттанған Л.Колбергтің моральдық даму теориялары пайдаланылады. Зерттеудің негізгі ғылыми ұстанымы - А.Макинтайрдың «сынған моральға сын» және Дж.Доридің моральдық тұрақтылыққа қарсы «ситуациялық тезисі» тұжырымдамалары. Зерттеудің философиялық өзегін Оксфорд ғалымдары О.С. Карри, Д.О. Муллинс және Х.Уайтхаус ұсынған «жеті әмбебап моральдық принцип» құрайды. Бұл қағидаттар қазақ педагогикасының академиялық негізін қалаған Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, Қ.Ж.Қожахметова және Ш.Т.Таубаеваның жұмыстарында бекітілген ұлттық тәрбие нормаларымен «салыстырмалы талдау» әдісімен өлшенеді. Талдау нәтижелері дәстүрлі қазақ тәрбиесінің нормалары жалпыадамзаттық ережелермен мағыналы үйлесімділікте екенін көрсетті. Алайда, осы нормалардың бір бөлігі қауымдастық контекстінде терең тамыр жайғандықтан, аталған контекст өзгерген жағдайда олардың жұмысының тиімділігі төмендейді: рухани иммунитеттің әлсіздігі, моральдық дайындықтың болмауы және жағдайға бейімделе алмау айқын көрінеді. Зерттеудің ғылыми ерекшелігі - моральдық тәрбиенің философиялық педагогика аясындағы практикалық маңызы ретінде тәрбиедегі нормалардың «неге!» деген түбіріне негіздеме беру емес, оның «не істеу керек?» деген ережеден маңызды екенін дәлелдеу арқылы ұлттық тәрбие моделін жаңғыртуға теориялық негіз ұсыну. Зерттеуде адалдық категориясының этикалық, философиялық және психологиялық мәртебесі қарастырылады.
Түйін сөздер: мораль парадоксы, моральдық агент, дәстүрлі тәрбие, дәстүрлі мораль, халық педагогикасы, қазақ этнопедагогикасы, этикалық тұлға