DOI:
Мақалада интонацияны, яғни ауызша сөйлеудің просодикалық қырларын назарға алу дәстүрлі философиялық мағына модельдерін қайта пайымдауға қалай ықпал ететіні және оларды қалай толықтыратыны қарастырылады. Ерте аналитикалық философиядағы, әсіресе логикалық атомизмдегі формалистік бағдардан бастау алып, онда интонацияның көбіне қосалқы құбылыс ретінде қарастырылғаны көрсетіледі; әрі қарай ой эволюциясы Фрегенің мағына/әрекет теориясы, кейін XX ғасырдың ортасында Дж. Л. Остин негізін қалаған және Джон Серль дамытқан сөйлеу әрекеттері теориясына дейін талданады. Біз кейінгі аналитикалық бағыттарда интонациялық мағынаның тілдің иллокутивтік әрекеті мен прагматикалық қырларын түсіндіруде маңызды орын алатынын дәлелдейміз.
Зерттеу ерте аналитикалық логикада просодияның дәрежеленбеуі мағынаны пропозициялық құрылым мен референцияға теңейтін, ақиқаттық семантика мен формалдық реконструкцияға негізделген жалпы ұстанымды айқындайтынын көрсетеді. Ал сөйлеу актілері теориясы мен кейінгі прагматикалық бағыттар интонацияның коммуникативтік үдерісте айтылымдардың бекіту, сұрау не бұйыру сияқты қызметтерді жүзеге асыруына жүйелі түрде қатысатынын айқындайды. Осылайша, интонация тек акустикалық акомпонимент емес, пропозициялардың дискурстағы қызметін жүзеге асыратын құрылымдық көрсеткіші болып танылады. Бұл зерттеу аналитикалық философияда орын алған әдіснамалық әрі тұжырымдамалық бетбұрысты — сөйлеу барысындағы перформативтік және контекстуалдық өрістерін қамтитын мағынаны абстрактілі логикалық модельдеуден прагматикалық ой тоқу түсінігіне қарай ауысуды — көрсетеді.
Түйін сөздер: интонация, логикалық атомизм, мағына/әрекет, сөйлеу акті, аналитикалық тәсіл, мағына