DOI:
Мақалада қазақтардың рухани мәдениетінің өзегі ретіндегі қоғамдық сананың тарихи перспективада қалай трансформацияланғаны мәселесі зерттеледі. Қазақтардың этногенезі аяқталып, Қазақ хандығы құрылған кезеңге қарай түркі мәдени мұрасы, шаруашылық-экономикалық қызмет және этникалық өзін-өзі сәйкестендіру негізінде қалыптасқан қоғамдық сананың өзегі айқындалады. Аталған кезең қазақтардың қоғамдық санасының институционалдық тұрғыдан рәсімделуі ретінде сипатталады, ал оның «өзегі» сақталғанымен, қоғамдық сана одан әрі трансформацияға ұшырайды.
Ресей империясының құрамында отар ретінде болу кезеңі қазақтардың қоғамдық санасына елеулі ықпал етті. Бұған патшалық биліктің жерлерді тартып алу және дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілдерін қысқарту саясаты, ұлттық және қоныс аудару саясаты, діни салаға араласуы, сондай-ақ билер соты мен хан билігі сияқты бірқатар қоғамдық институттарды империялық институттармен алмастыруы себеп болды. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин және А. Құнанбаев тұлғаларының мысалында қоғамдық сананың трансформациясы нәтижесінде қазақ қоғамының жаңа бір қабатының пайда болып қана қоймай, этникалық бірегейліктің де нығайғаны көрсетіледі.
Кеңестік кезең қазақтардың қоғамдық санасын түбегейлі трансформациялады. Дәстүрлі шаруашылық уклады жойылып, жазу реформасы жүргізілді және орыстандыру саясаты өрістетілді. Ру-тайпалық сананың интернационалдық санамен алмастырылуы, халықтың жаппай сауаттандырылуы және жаңа қоғамдық институттардың енгізілуі қазақтардың қоғамдық санасында кеңестік мәдениеттің концептілерін орнықтырып, оларды басым сипатқа жеткізді.
Егемендік кезеңіндегі қоғамдық сананың трансформациясы екіжақты сипатқа ие. Бір жағынан, қазақ мәдениетінің жаңғыруы мен қазақтардың мемлекет құраушы этнос ретіндегі өзіндік санасының өсуі орын алды. Екінші жағынан, Қазақстанның полиэтносты қоғамы жағдайында мемлекет барлық этностар өкілдерін біртұтас азаматтық қауымдастыққа топтастыру саясатын жүргізіп келеді. Республика қоғамдық санасында әртүрлі мәдени концептілерге негізделген әрқилы полюстердің болуы мемлекеттің біртұтас ұлт қалыптастыру саясаты арқылы біртіндеп нивелирленуге тиіс. Дәл осындай саясатты Президент Қ. Тоқаев жүргізіп отыр: ол жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітті, этносаралық және конфессияаралық келісімді жария түрде қолдайды, ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырды. Қазақстанда негізі қазақтың рухани мәдениеті болып табылатын біртұтас азаматтық ұлт қалыптастыру бағыты алынған, бұл қазіргі кезеңдегі қоғамдық сананың трансформациясын айқындайды.
Түйін сөздер: қоғамдық сана, мәдениет, Ұлы Дала, трансформация, ұлт.