DOI:
Мақалада қазақ даласының ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің (870 – 950) «Рисала фи-с Сиаса» (رسالة في السياسة) /Саясат жайлы трактат*/ атты еңбегінің ғылымда зерттелуінің тарихи хронологиялық реті беріледі.
Қазақ елі өз тәуелсізігін алып, тұғыры биіктеген тұсында халықтың рухани өмірінде оң өзгерістер орын алғаны белгілі. Тәуелсіздік аясында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» (2003), «Халық – тарих толқынында» (2013), «Ұлы даланың жеті қыры» (2018) жобалары сондай-ақ, 2020 жылы ЮНЕСКО, ИСИСКО сынды халықаралық ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында жүргізілген кешенді ғылыми зерттеулер көне қазақ даласында туып-өскенімен, ғылыми өмірлері шет елдерде өткен ойшылдардың шетел мұрағаттарында сан жылдар бойы жабулы жатқан жазба мұраларын оралтуға зор мүмкіндік туғызды.
«Фараби жылы» (2020 ж.) аясында ойшылдың әлем мұрағаттарында сақталған жазба мұраларын іздестіру, қолжазба нұсқаларын жинау, оқу, зерттеу бағытында қазақстандық ғалымдар кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғалымның мұрасы мен ойларын сараптап, пайымдап, танып және танытып насихаттау барысында көптеген ғылыми-танымдық конференциялар мен симпозиумдар болып өтті. Қазақстан Республикасы тарихи тәуелсіздігін алғаннан кейін (1991 ж.) Әбу Насыр әл-Фараби есімі берілген Қазақ Ұлттық университеті (ҚазҰУ) әл-Фараби мұраларының қолжазбаларын әлем мұрағат қорларынан іздеп табу, жинақтау, зерттеу, аудару, ғылыми сипаттамасын беру жұмысын ұйымдастыруды міндеттеп алған болатын. Осы жоба аясында ғалымның «Рисала фи-с Сиаса» (Саясат жайлы трактат) атты еңбегінің түрлі атпен сақталған қолжазбалары әлем мұрағаттары мен сирек қорларынан табылып отыр.
Түйін сөздер: Әл-Фараби мұрасы, «Рисала фи-с Сиаса», қолжазба, мұрағат, деректану.